Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сабыржан Аққалықов Өзбекстанда өткен ОЖЖ туралы пікір білдірді.
Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов қараша айында Ташкент қаласында өткен оқу-жаттығу жиындары (ОЖЖ) кезінде өзбекстандық боксшылармен болған жанжалды жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды «Спорт Министрі» YouTube-арнасы.
"Біз 75 және 80 келі салмақ дәрежелерінде алты адам болдық: төрт өзбек, екі қазақ. Арамызда спаррингтер өтті. Мысалы, мен алдымен Эркинбоевпен (Фазлиддин), кейін Умматалиевпен (Жавохир), содан соң тағы бір өзбек боксшысымен жұдырықтастым. Кейін қарқын күшейіп, олар маған шабуыл жасады. Қақтығыс рингтің өзінде қалды. Эркинбоевпен де сөзге келіп қалдық, бірақ барлық эмоция сол рингте қалды. Кейін бір-бірімізбен қол алыстық", — деп бөлісті боксшы.
Айта кетейік, Аққалықов пен Эркинбоев IBA нұсқасы бойынша Дубайда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кездесуі тиіс болған, алайда өзбекстандық боксшы жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартқан. Қазақстандық боксшы финалға дейін жетіп, онда ресейлік Исмаил Мугольцевтен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.