Қазақстандық боксшы Әнел Сақыш әлеуметтік желіде қызықты сәтті жариялады.
Спортшы Instagram парақшасына әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай және Түркияның Олимпиада чемпионы Бусеназ Сюрменелимен бірге өткен жаттығудан видео жариялаған.
Видеода топтық спаррингтің бір эпизоды көрсетілген. Кадрлардан Әнел Сақыштың қарсыластарының қарқыны күшейіп, қазақстандық боксшының қатты прессингке түскені байқалады.
Жазбаға Әнел қысқа әрі әзіл-шыны аралас сипаттама қалдырған:
«Назым Қызайбай мен Бусеназ Сюрменели аяған жоқ», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Қазақстан әйелдер құрамасындағы ең тәжірибелі әрі ең атақты боксшылардың бірі саналады. Оның еншісінде Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдесі, әлем чемпионатының үш алтын медалі бар.
Ал Бусеназ Сюрменели де бокстағы ең танымал есімдердің қатарында. Түркиялық спортшы Токио-2020 Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы атағын үш рет иеленген. Сондай-ақ Еуропа чемпионаты-2024 бәсекесінде алтын медаль жеңіп алған.