Ерлер құрамасы 2026 жылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынын Түркістанда бастап кетті. Жиын 25 қаңтарға дейін жалғасып, көктемде Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына дайындықтың алғашқы кезеңі болмақ.
Бұл оқу-жаттығу жиыны ұлттық команданың биылғы күнтізбедегі ең алғашқы ресми дайындық кезеңі саналады. Негізгі мақсат — көктемде Моңғолияда өтетін Азия чемпионаты алдындағы базалық дайындықты қалыптастыру.
Жиынға елдің барлық өңірлерінен жиналған 50 боксшы қатысуда. Команда 20 күн ішінде жалпы дене дайындығын күшейту, функционалдық мүмкіндіктерді көтеру, жалпы күштік дайындықты арттыру және алдағы жарыстарға қажетті жүктеме көлемін жинау бағытында жұмыс істейді.
Азия чемпионаты–2026 Ұлан-Батырда (Моңғолия) 28 наурыз – 11 сәуір аралығында World Boxing ұйымының аясында ұйымдастырылады. World Boxing 2026 жылға арналған күнтізбесінде конфедерациялық чемпионаттар бағытын бөлек блок ретінде қарастырған.
Айта кетейік, Ұлан-Батыр бұған дейін де World Boxing турнирлерін қабылдаған.