Логотип партнера
Бонус 10 000 тг

Лицензия №23019645 от 06.09.2023

Логотип партнера
Бонус 300 000 тг

Лицензия №24358082 от 25.07.2024

Логотип партнера
"Ел Clasico" жобасы

Футбол. Эмоция. Шоу

"Өздерін тым мықты санайды": Елеусінов Қазақстан боксындағы жаңа буын туралы айтты

Сарапшы, спорт журналисі

2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұлттық құраманың қазіргі өкілдерінің ішінде тек бір боксшының өзінен жиі кеңес сұрайтынын айтты. Сонымен бірге Қазақстанға Олимпиада алтынын қайтара алуы мүмкін бірнеше талантты жігітті атап өтті. 

"Өздерін тым мықты санайды": Елеусінов Қазақстан боксындағы жаңа буын туралы айтты
instagram/@tashkenbay_sanzhar

Ұлттық құрамада кеңес сұрайтын бір боксшы бар

Елеусінов соңғы бірнеше жылда кәсіпқой бокста өнер көрсетіп, әзірге жеңіліс көрмеген. Айтуынша, жас спортшыларға тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын, бірақ бәрі бірдей құлақ аса бермейді.

"Залға барсам, кез келген жас жігіт келіп сөйлесе алады. Мен ешқашан тәжірибемді бөлісуге сараңдық танытпаймын", – деді Елеусінов Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Олимпиада чемпионының сөзінше, құрамада кейбір спортшылар ғана ақыл-кеңеске ашық. Солардың бірі – Санжар Тәшкенбай.

"Кейбірімен сөйлесеміз, мәселен Санжар Тәшкенбай. Ол шынымен қалайды, кейде келіп сұрайды – жарайсың. Ал басқа жігіттер онша емес. Өздерін жеткілікті тәжірибеліміз деп ойлайды. Бәрі мықты, бәрі тәжірибелі, бірақ неге екенін білмеймін – араларынан Олимпиада чемпионы шықпай жүр. Кейбірі өзін сәл “жоғары”, “круче” көретін сияқты. Санжар ғана келіп, кеңесіп, сұрайды", – деді Елеусінов.

Елеусінов әлем чемпионаттарын бақылап жүр

Елеусінов былтырғы нәтижелерге де тоқталып, Қазақстан құрамасының көрсеткішін назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бір жылда екі әлем чемпионатының өтуі – сирек жағдай.

"Әрине, бақыладым. Бір жылдың ішінде екі әлем чемпионаты өтті. Бізде мұндай бұрын болмаған", – деді ол.

Қазақстанға Олимпиада алтынын кім қайтара алады?

Елеусіновтің пікірінше, құрамада Олимпиада шыңына жететін әлеуеті бар боксшылар бар. Ол ең алдымен Санжар Тәшкенбайды атап өтті.

"Қайтаруы мүмкін. Құрамада өте талантты жігіт көп. Санжар Тәшкенбайды бөле-жара айтар едім. Өте талантты. Тек салмақ дәрежесі сәл қолайсыздау", – дейді ол.

Сондай-ақ Елеусінов Төрехан Сабырханға да тоқталды. Бірақ оның қорғаныстағы кемшіліктерін жасырмады.

"Төрехан Сабырхан да бар. Бірақ соңғы кезде кейде көп “ойнап кетеді”, соққы өткізіп қояды. Маған соққы өткізу ұнамайды. Дегенмен өте дарынды, отты, темпераменті бар жігіт", – деді боксшы.

"Кәсіпқой бокс – ойыншық емес" 

Кей пікірлерде Төреханның стилі кәсіпқой бокста тіпті тиімді болуы мүмкін делінеді. Бірақ Елеусінов бұл ойға толық қосылмайтынын айтты: кәсіпқой рингтің талабы бөлек.

"Жоқ, кәсіпқой боксты ойыншық деуге болмайды. Оңай емес. Бәрі адамның өзіне байланысты: қалай еңбек етеді, қалай ойлайды, қалай дайындалады, қалай тамақтанады, қалай ұйықтайды – бәрі маңызды. Егер сонша соққы өткізе берсең… алысқа бармайсың. Қорғаныс мықты болуы керек. Бірақ ол өте жақсы, әртүрлі стиль қолдана алады. Маған оның ағасы да ұнайды – бір кездері оны “екінші Ломаченко” дейтін. Бұрыш ауыстырады, стойкасын өзгертіп отырады", – деді Елеусінов.

Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан былтыр екі дүркін әлем чемпионы атанған. 

Төрехан Сабырхан 19 жасында алғашқы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Данияр Елеусінов 22 жасында әлем чемпионы болып, үш жылдан соң Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы атанды. Сол уақыттан бері Қазақстан боксшылары Олимпиадада алтынға жете алған жоқ.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 1
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір