Өскеменде әйелдер командалары арасында Қазақстан Суперкубогы үшін тартыс өтті. Шешуші кездесуде ел чемпионы "Жетісу" мен кубок иегері "Тұран" күш сынасты.
Қазақстан волейбол федерациясының регламентіне сәйкес, Суперкубок ойыны ел чемпионаты аясында өтті. Яғни, трофейдің иесі Ұлттық лиганың 3-шағын турындағы чемпион мен Кубок жеңімпазының алғашқы бетпе-бет матчында белгілі болды.
Желтоқсанда көпшілікті таңғалдырған нәтиже көрсетіп, кубокты жеңіп алған "Тұран" кездесуді өте қарқынды бастады. Түркістандық ұжым алғашқы партияда ұзақ уақыт есепте алда болды. Алайда талдықорғандық қыздар шешуші сәттерде жинақы ойнап, бірінші сетте камбэк жасады. Сөйтіп партия санында алға шықты.
Екінші сетте де сценарий ұқсас болды. "Тұран" тағы да көп бөлігінде көш бастаса да, тәжірибесі басым "Жетісу" кезекті рет соңын сәтті өткізіп, партияны өз пайдасына жазды.
Үшінші партияда ел чемпионы қарсыласына мүмкіндік бермей, матчты құрғақ есеппен аяқтады — 3:0 (25:22, 25:22, 25:17).
Осылайша "Жетісу" Қазақстан Суперкубогын екінші жыл қатарынан жеңіп алып, жалпы тарихында бесінші рет аталмыш трофейді еншіледі. Сонымен бірге команда тұрақты чемпионаттың турнирлік қоржынына үш ұпай қосты.