Қазақстандық ММА жауынгері Саламат Исбулаев PFL лигасындағы дебюттік жекпе-жегіне ұлттық символикасыз шығады. Тыйым
Қазақстандық ММА жауынгері Саламат Исбулаев (9-0) PFL лигасындағы дебюттік жекпе-жегіне ұлттық символикамен шыға алмайтынын айтты. Бұл туралы Namys Fighting хабарлайды.
7 ақпанда Дубай қаласында (БАӘ) Исбулаев PFL ұйымындағы алғашқы кездесуін өткізеді. Ол октагонда перулік тәжірибелі файтер Хесус Пинедомен (25-7-1) күш сынасады.
Жекпе-жек алдындағы сұхбатта Саламаттан ұлттық дәстүрге қатысты сұрақ қойылды:
— Өзіңмен бірге "Қазақстан" шоколадын алып келдің бе және жекпе-жекке шапанмен шығасың ба?
"Өкінішке қарай, ұйым тарапынан бұған рұқсат жоқ. Жекпе-жекке шығу кезінде тек лига беретін формада ғана шығуға болады. Ту да, басқа да артық атрибутикаға тыйым салынған", – деп жауап берді Исбулаев.
Айта кетейік, Саламат Исбулаев Ресей Федерациясының Орынбор облысында дүниеге келген, алайда 2025 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдаған. PFL лигасына дейін ол Alash Pride ұйымында өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ықыласына бөленді.
Маңызды дерек: Исбулаев кәсіби мансабындағы барлық жекпе-жектерін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған. Бұл статистика оның PFL-дегі дебютін жанкүйерлер үшін ерекше қызықты ете түспек.