Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлының төңірегіндегі допингке қатысты айыптауларға байланысты ойын айтты.
Қанат Ислам Жәнібек Әлімханұлының жанында тыйым салынған заттардың ағзаға байқамай өтіп кетуіне жол бермейтін құзыретті маман жетіспейді деп есептейді. Бұл туралы SauBall жазады.
Оның айтуынша, жақындары спортшыға жанашырлық танытып, барынша көмектесуге тырысқанымен тағамның, дәруменнің, қоспалардың нақты құрамы әрдайым бақылауда бола бермейді.
Ислам бұл тұста өз тәжірибесін де мысал етті. Қытай құрамасында жүрген кезінде спортшыларға күн сайын қолданатын өнімдердің бәрі — тамақ, витамин ғана емес, тіпті буынға жағылатын кремдерге дейін құрамы түсіндіріліп, арнайы сабақ өткізілгенін айтады.
Қанат Исламның пікірінше, дәл осындай жүйелі түсіндіру жұмысы Қазақстан құрамасына да қажет. Ол кейбір спортшылардың допингті тек "укол" сияқты нәрсемен байланыстыратынын, ал шын мәнінде тыйым салынған компоненттер қарапайым дәрінің немесе суық тигенде ішкен препараттың құрамынан да табылып қалуы мүмкін екенін ескертті.
Яғни мәселе тек қатаң бақылауда емес, ең әуелі сауатты ақпараттандыруда және күнделікті қолданатын нәрсені кәсіби деңгейде сүзгіден өткізетін маманның болуында.
Сонымен бірге Қанат Ислам Жәнібек Әлімханұлын әдейі "қақпанға түсірді" деген пікірлерге сақтықпен қарайтынын жеткізді. Оның ойынша, түйін біреу: командада анализді оқи алатын, гормондық жағдайды түсіндіретін, нені алып тастап, нені қосу керегін нақты айтып беретін жоғары деңгейлі маман керек.
Ол сондай-ақ кәсіби бокста промоутерлердің басты мақсаты спортшының денсаулығы емес, көбіне бизнес пен табыс екенін де атап өтті.
Еске салайық, желтоқсан айының басында Қазақстанның орта салмақтағы чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасына байланысты дау ортасында қалған еді. Осы жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі болжамдар пайда болды.