Ресейлік файтер Александр Синещук мерзімінен бұрын жеткен жеңісін ерекше тойламақ болған.
Краснодарда өткен «Южный рубеж 9» турнирінде оқыс оқиға болды. Ресейлік файтер Александр Синещук мерзімінен бұрын жеткен жеңісін ерекше тойламақ болып, аяғын сындырып алды. Яғни, артқа сальто жасау кезінде жерге сәтсіз қонды.
Бұл әрекетімен, ресейлік аралас жекпе-жек шебері UFC чемпионының трюгін қайталамақ болған.
Кештің прелим-картында Александр Синещук октагонға Рауль Уазировқа қарсы шықты. Кездесу барысында Синещук айқастың қарқынын толық бақылауда ұстап, тактикалық тұрғыдан басымдық көрсетті.
Партердегі белсенді әрекеттерінің нәтижесінде ол қарсыласына тоқтаусыз соққы беріп, төрешіні жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр етті. Осылайша, ресейлік спортшы сенімді жеңіске қол жеткізді.
Қуаныш сәті қайғылы жағдайға ұласты
Алайда жеңістен кейін күтпеген оқиға орын алды. Александр Синещук UFC жұлдызы Джастин Гэтжидің стилінде октагон торынан артқа сальто жасап, триумфын ерекше атап өтпек болды.
Бірақ спортшы сәтсіз қонып, сол аяғын сындырып алды. Ауыр жарақат алған файтер аренадан зембілмен шығарылды.
Айта кету керек, UFC-дің танымал чемпионы Джастин Гэтжи жеңістерінен кейін бірнеше рет дәл осындай артқа сальто жасап, жанкүйерлердің ықыласына бөленген. Алайда бұл элемент жоғары физикалық дайындық пен дәл есептеуді талап етеді.
Синещуктың жағдайы бұл трюктің қауіпсіздік тұрғысынан қаншалықты тәуекелді екенін көрсетті.
Спортшының жарақатының нақты ауырлық деңгейі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен, алдын ала ақпарат бойынша, ол медициналық мекемеге жеткізілген.