WBO-ның Жәнібек Әлімханұлына қатысты шешімі бокс әлемінде үлкен резонанс тудырды. Орта салмақтағы қазақстандық чемпион допинг дауына байланысты бір жылға дисквалификацияланғанымен, титулын сақтап қалды.
WorldBoxingNews.net басылымының журналисі Фил Джей орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) шешімі қоғам арасында қызу талқылауға түсетініне сенімді.
Өткен аптада WBO қазақстандық боксшыны допинг сынамасынан мельдоний табылған соң 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жыл мерзімге дисквалификациялады. Соған қарамастан, "Qazaq Style" чемпиондық белбеуінен айырылған жоқ. Алайда жаза мерзімі аяқталғаннан кейін ол уақытша чемпионмен міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс.
Басылымда Әлімханұлы бұған дейін алғашқы жағымсыз тест нәтижесі жария болған кезде қандай да бір ереже бұзғанын жоққа шығарғаны атап өтіледі.
"WBO шешімі екі сынамадан да тыйым салынған заттың анықталғанын растайды және қатаң жауапкершілік қағидатына сүйенеді. Яғни спортшы ағзасына препараттың қалай енгеніне қарамастан, толық жауапкершілік өзіне жүктеледі".
Автордың пікірінше, осының өзі кейбіреулерге чемпиондық титулдан айыру ең нақты әрі әділ шешім болар еді деген уәж айтуға негіз береді.
Сонымен қатар, допинг даулары көп жағдайда қоғам алдында біржақты қабылданбайтыны айтылған. Боксшылар істің мән-жайын алға тартып, шешімге қарсылық білдіре алады, ал әдейі қолданғанын дәлелдеу әрдайым оңай емес.
"Сірә, WBO ымыралы жолды таңдады: қатаң дисквалификация енгізді, бақылау талаптарын күшейтті, бірақ титулды бос деп жариялаған жоқ".
Мақалада бұл шешім алдағы бір жылда орта салмақтағы жағдайға тікелей әсер ететіні де көрсетілген.
"Алдымен уақытша чемпион анықталады, ал дисквалификация мерзімі аяқталған соң Әлімханұлы міндетті жекпе-жек өткізеді".
Еске салайық, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы үшін 4 сәуірде Лондонда британдық Дензел Бентли мен венесуэлалық Эндри Сааведра қолғап түйістіреді.