Орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан IBF пен WBO ұйымдарының шешімдеріне түсініктеме берді.
Берік Сұлтанның айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Бұған негізгі себеп — аталған ұйым белгілеген міндетті титул қорғау мерзімінің өтіп кетуі.
Менеджердің сөзінше, төрт түрлі талаптың ішінде ең қатаң ұстаным танытқаны IBF болған. Сол себепті ұйым чемпиондық белбеуді қазақстандық боксшыдан қайтарып алу туралы шешім қабылдаған.
Соған қарамастан Жәнібек Әлімханұлының командасы үшін басты жағымды жаңалық — WBO титулының сақталуы болды. Қазір қазақстандық былғары қолғап шебері орта салмақтағы WBO чемпионы боп қала береді.
Берік Сұлтан команданың барлық мүмкіндікті пайдаланғанын айтып, нәтижесінде WBO әлдеқайда жұмсақ шешім қабылдағанын жеткізді.
Менеджер бұған дейін команда ішінде алаңдаушылық жоғары болғанын жасырмады. Оның айтуынша, бастапқыда екі титулдан да айырылу қаупі болған, ұзақ мерзімге, тіпті 3-4 жылға дейін шеттетілуі мүмкін деген болжамдар айтылған және жағдай өте күрделі көрінген.
Алайда команданың нақты жұмысы мен қажетті әрекеттерінің арқасында WBO чемпиондық мәртебені сақтап қалу жөнінде шешім шығарған.
Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы былтыр Эрисланди Лараға қарсы үш титул сарапқа салынуы мүмкін жекпе-жек алдында туған допинг дауына байланысты үлкен қысымға тап болған еді.
Осы оқиғадан кейін IBF ұйымы қазақстандық боксшыны титулдан айырса, WBO қатаңдығы төмендеу шешім қабылдады. Атап айтқанда, ұйым Жәнібекті бір жылға шеттеткенімен, оның чемпиондық белбеуін тартып алған жоқ.