Бибосыновқа қатысты күтпеген жаңалық: WBA Asia үшін жекпе-жек өтпейтін болды

Сарапшы, спорт журналисі

Сәкен Бибосыновтың бос тұрған WBA Asia белбеуі үшін өтетін жекпе-жегі кейінге қалдырылды.

Бибосыновқа қатысты күтпеген жаңалық: WBA Asia үшін жекпе-жек өтпейтін болды
Instagram/@sakenbibosinov

Титулдық айқас неге өтпей қалды?

Жекпе-жекті ұйымдастырушы жапониялық Saikou Lush промоушені белгіленген мерзімде кездесуді өткізу мүмкін емес екенін айтқан. Негізгі себеп ретінде Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты туындаған логистикалық қиындықтар көрсетілген.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Жапония үкіметі Қырғызстан мен бірқатар аймаққа сапарға қатысты ескерту деңгейін көтерген. Соның салдарынан Қырғызстанға ұшатын рейстердің қауіпсіздігіне кепілдік беру қиындаған.

Ұйымдастырушылар не деді?

Ресми хатта турнирдің сәуірден мамыр айына ауыстырылғаны айтылған. Қазір жаңа күндер ретінде 22, 23 және 24 мамыр қарастырылып жатыр.

Промоушен өкілдері кештің толықтай тоқтатылмайтынын, тек уақытша шегерілгенін мәлімдеді.

Бибосыновтың реакциясы

Сәкен Бибосынов бұл жаңалыққа қысқаша пікір білдірді.

"Өкінішке қарай, 17 сәуірде өтуі керек болған жекпе-жегіміз бір айға шегерілді", — деді қазақстандық боксшы.

17 сәуір күні Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізуі тиіс еді. Бұл кездесуде WBA Asia ұйымының бос тұрған белдігіне таласуы керек болған. 

Қазақстандық боксшының қарсыласы ретінде индонезиялық Сурия Дхарма (4-0, 3 KO) белгіленген.