Мұхит Амантаев пен Марсель көз арбасты

Сарапшы, спорт журналисі

Алматыдағы IBA Nomad турнирінде қазақстандық бапкер Мұхит Амантаев пен қырғызстандық ММА файтері Марсель Нұрланбек уулу алдағы ықтимал жекпе-жек алдында көз арбасып, жанкүйерлер назарын өздеріне аударды.

Мұхит Амантаев пен Марсель көз арбасты
instagram/@mukhit_amantayev

Мұхит пен Марсель Алматыда кездесті

Қырғызстандық файтер Марсель Нұрланбек уулу бүгін Алматыдағы IBA Nomad турнирі аясында бокстан бапкер Мұхит Амантаевпен бетпе-бет келді. Ұйымдастырушылар таратқан мәліметке сәйкес, олардың жекпе-жегі келесі турнирлердің бірінде өтуі мүмкін.

Бұл кездесу әзірге ресми айқас емес, тек көз арбасу форматында өтті. Соған қарамастан екі тараптың сөзі мен әрекеті жанкүйерлер қызығушылығын күшейтті.

Марсель болашақ қарсыласын мысқылдады

Көз арбасудан кейін Марсель болашақ қарсыласына әзіл аралас ауыр сөз айтып, жұрт назарын тағы аударды.

Ол Мұхит Амантаевқа қарата жеңіліп қалған жағдайда өзін ақтап сөйлемеуді ескертті. Қырғызстандық файтер қарсыласының жасы жайлы да тұспалдап, бұл тақырыпты алдын ала сылтау етпеуге шақырды.

Мұхит жауапсыз қалмады

Қазақстандық бапкер де қарсыласының сөзін елеусіз қалдырған жоқ. Мұхит Амантаев өзіне сенімді екенін байқатып, жасына қарамастан стилі мен шеберлігін көрсететінін жеткізді.

Сондай-ақ Марсельге рингте нақты бокстың не екенін көрсетіп, сабақ беруге дайын екенін меңзеді. Осылайша екі тарап арасындағы сөз қағысы ықтимал жекпе-жекке деген қызығушылықты одан әрі арттырды.

Марсель Нұрланбек уулу Қазақстан жанкүйерлеріне Еркебұлан Тоқтардан кейін кеңінен таныла бастады. Екеуінің жекпе-жегі 27 наурызда Ереванда Hype FC турнирінде ұйымдастырылған еді.

Бокс ережесі бойынша ММА қолғаптарымен өткен сол кездесуде қырғызстандық файтер күтпеген жерден төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.