"Мен шығамын!" Еркебұлан Тоқтар ресейлік файтердің шақыруын қабылдады
Қазақстандық ММА шебері ресейлік танымал файтер Шовхал Чурчаевтың жекпе-жекке шақыруына жауап берді.
Тоқтар не деді?
Қазақстандық файтер қарсыласының үндеуінен кейін эмоциясын жасырмай, әлеуметтік желіде өз ойын ашық білдірді.
«Жеңілістен кейін де тыныштық жоқ. Мен шығамын, келісімшартыңды дайында. Өзің айтқанды жақсы көресің ғой: “Эй, Дана, give me a contract! Егер оларға хайп керек болса, олар маған хабарласады”», — деді Еркебұлан Тоқтар.
Осылайша қазақстандық файтер Шовхал Чурчаевпен жекпе-жек өткізуге дайын екенін аңғартты.
Чурчаев Тоқтарға қандай ұсыныс жасады?
12 сәуір күні Шешенстан тумасы Шовхал Чурчаев Instagram парақшасында Еркебұлан Тоқтарға арнайы үндеу жолдады. Ресейлік спортшы олардың айқасы ТМД аумағындағы ең ауқымды оқиғалардың біріне айналуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Чурчаев Ресейде кеңінен танымал. Ол әр жылдары "Наше Дело", Hardcore MMA және Hype Fighting сияқты промоушендерде өнер көрсетті.
Соңғы айқасы былтыр 20 маусымда АҚШ-та LFA 211 турнирінде өтті. Ол америкалық Джейкоби Джонстан төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліп қалды.