"Канелоның" командасындағы қазақ титулдық жекпе-жекке шығады

Сарапшы, спорт журналисі

Кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет 24 сәуірде Чилиде маңызды жекпе-жек өткізеді. Ол WBA Continental Americas белбеуі үшін шаршы алаңға шығады.

"Канелоның" командасындағы қазақ титулдық жекпе-жекке шығады
instagram/@kazpr

Қарсыласы кім?

Қазақ боксшысының келесі қарсыласы — аргентиналық былғары қолғап шебері Лукас Брайан Ариэль Бастида. Ол жанкүйерлерге "Құйын" лақап атымен танымал.

WBA таратқан мәліметте алдағы кездесу туралы былай делінген:

Жекпе-жек расталды!

Лукас Бастида (24-4-1, 14 нокаут) — Бек Нұрмағанбетке (15-0, 13 нокаут) қарсы рингке шығады. Кездесу екінші орта салмақтағы WBA Continental Americas белбеуі үшін өтеді. “Knock Out a las Drogas” турнирі аясында, WBA Fedelatin Convention бағдарламасында ұйымдастырылады.

Өтетін орны — Club Deportivo Cultural y Social, Сантьяго, Чили.

Бек Нұрмағанбет — "Канело" командасының мүшесі

Бек Нұрмағанбет қазір әлем боксына ең танымал мексикалық Сауль “Канело” Альварестің командасында жаттығып жүр. Әйгілі чемпионмен бір залда дайындалады.

Сонымен қатар Нұрмағанбетпен Эдди Рейносо да жұмыс істейді. Айта кетейік, Рейносо — "Канелоның" ұзақ жылғы бапкері әрі кәсіпқой бокстағы беделді мамандардың бірі. Бұған дейін дәл осы бапкер Бекке хат алмасу барысында оның элиминаторлық деңгейдегі маңызды айқасқа шығатынын жеткізген.

Соңғы жекпе-жегі қалай аяқталды?

Бек Нұрмағанбет соңғы кездесуін 2025 жылдың 10 қыркүйегінде Лас-Вегаста өткізді. Америкалық Стивен Самптерді (11-2-1, 9 KO) мерзімінен бұрын жеңіп, өзінің мықты екенін тағы бір дәлелдеді.

Алдағы кездесу Бек Нұрмағанбет үшін мансаптағы аса маңызды сынақтардың бірі болмақ. Себебі WBA Continental Americas титулы қазақстандық былғары қолғап шеберінің рейтингтегі орнын күшейтіп, үлкен чемпиондық жекпе-жектерге бір қадам жақындатуы мүмкін.