Қазақстандық таеквондошылар әлем чемпионатында қос жүлдеге ие болды
Қазақстан құрамасы Ташкентте таеквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қос жүлде иегерлері атанды.
Төрт жекпе-жекті жеңіспен аяқтады
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерасыл Ерзат қола медаль жеңіп алды. Ол турнир барысында бес жекпе-жек өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Атап айтқанда Армения, Кот-д’Ивуар, Эквадор және Иран өкілдерінен басым түсті.
Финалға шығу үшін өткен кездесуде Ерасыл омандық Аль-Юсуфи Дауд Фахадқа есе жіберді. Нәтижесінде қазақстандық таеквондошы турнирді қоламен аяқтады. Айта кетсек, бұл 16 жастағы спортшының жасөспірімдер арасындағы қатысып жатқан алғашқы әлем чемпионаты.
Екінші қола Ислам Медетбайдың қанжығасында
55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ислам Медетбай да жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдегер атанып, үздік үштікке енді. Осылайша, Қазақстан құрамасы қысқа уақыт ішінде екі бірдей қола жүлде еншіледі.
Әлем чемпионатының ауқымы кең
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына 119 елден шамамен мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Қазақстан құрамасы атынан 20 спортшы түрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.
Байрақты бәсеке 17 сәуірге дейін Ташкенттің “Olympic City” спорт кешенінде өтіп жатыр.