Британдық боксшы Әлімханұлынан титулды тартып алуды талап етті

Сарапшы, спорт журналисі

Дензел Бентли WBO шешіміне қарсы шықты. 

Британдық боксшы Әлімханұлынан титулды тартып алуды талап етті
Inbusiness.kz

Орта салмақтағы британдық боксшы Дензел Бентли WBO ұйымын қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық белбеуін қайта қарауға шақырды.

Уақытша WBO чемпионы саналатын Бентли қазіргі жағдайға наразылық білдіріп, Әлімханұлының титулды сақтап қалуына негіз жоқ деп есептейді. 

"Жәнібектің бұл белбеуді иеленуге еш құқы жоқ деп ойлаймын. Ол титулды жеңіп алғаннан бері міндетті үміткермен жекпе-жек өткізген жоқ. Оның үстіне допинг-тесттен де өте алмады. Қазір мен уақытша чемпионмын, дивизион алға жылжуы керек", – деді Бентли Sky Sports-қа берген сұхбатында.

Титул төңірегіндегі дау

Бентлидің пікірінше, WBO оны толыққанды әлем чемпионы ретінде мойындауы тиіс. Оның айтуынша, қазіргі жағдай дивизионның дамуына кедергі келтіріп отыр.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мельдонийге байланысты допинг сынамасынан өте алмай, бір жылға дисквалификация алған. Соған қарамастан, WBO ұйымы оның чемпиондық белбеуін сақтап қалуына мүмкіндік берген.

Жаза мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы Дензел Бентлиге қарсы титулды қорғау жекпе-жегін өткізуі тиіс. Егер бұл кездесу ұйымдастырылмаса, қазақстандық боксшы белбеуден айырылуы мүмкін.