"Үлкен өзбектің" жекпе-жегі жақындап қалды

Сарапшы, спорт журналисі

Өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы, аса ауыр салмақтағы боксшы Баходир Джалолов алдағы жекпе-жегіне қатысты маңызды мәлімет жариялады.

"Үлкен өзбектің" жекпе-жегі жақындап қалды
sport24.ua

Манчестерде жұдырықтасады

“Үлкен өзбек” лақап атымен танымал Баходир Джалолов Instagram парақшасында Түркияның Белек қаласынан бірнеше фото жариялады. Қазір боксшы сол жерде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Суреттерде спорт залындағы дайындық сәттері көрсетілген. Сонымен қатар боксшының жаңа туған қызымен түскен фотосы да бар. Осыған қарап, Джалоловтың Түркияға отбасымен бірге барғанын байқауға болады.

“9 мамыр — Манчестер. Мен дайынмын, Ин ша Аллах!” — деп жазды Жалолов.

Қарсыласы әзірге белгісіз

Бұған дейін Баходир Джалоловтың бапкері Фаррух Киличев те шәкіртінің 9 мамырда рингке шығатынын айтқан еді. Бірақ өзбекстандық чемпионның келесі қарсыласы кім болатыны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Джалолов соңғы кездесуін 2025 жылдың 14 қарашасында Ташкенттегі “Хумо Аренада” өткізді. Ол кезде нигериялық Соломон Адебайоға қарсы жұдырықтасқан.

Жекпе-жек ұзаққа созылмай, Джалоловтың мерзімінен бұрынғы жеңісімен аяқталды. Өзбек боксшысы қарсыласын нокаутқа түсіріп, кәсіби рингтегі жеңісті сериясын жалғастырды.

Сол жеңістен кейін Баходир Джалоловтың кәсіби рекорды 17 жеңіске жетті. Оның 15-ін нокаутпен аяқтаған. Өзбекстандық алып әзірге кәсіби бокста жеңіліп көрген жоқ.