Геннадий Головкин басқаратын ұйымға тағы жеті федерация қосылды

Сарапшы, спорт журналисі

World Boxing ұйымының қатары кеңейіп жатыр. Ұйымның атқарушы кеңесі жеті елдің ұлттық бокс федерациясын мүшелікке қабылдауды мақұлдады.

Геннадий Головкин басқаратын ұйымға тағы жеті федерация қосылды
vesti.kz

World Boxing құрамына қай елдер енді?

World Boxing баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымға мүше болу туралы өтініштері мақұлданған федерациялар қатарында: Антигуа және Барбуда, Камерун, Кюрасао, Габон, Гренада, Оңтүстік Африка және Вануату ұлттық бокс федерациялары бар.

Осылайша World Boxing құрамындағы ұлттық федерациялар саны 175-ке жетті. Оның ішінде 123 федерация толыққанды мүше, біреуі қауымдастырылған мүше, ал 51 федерация мақұлданған мүше мәртебесіне ие.

“World Boxing атқарушы кеңесі Антигуа және Барбуда, Камерун, Кюрасао, Габон, Гренада, Оңтүстік Африка және Вануату ұлттық бокс федерацияларының мүшелікке өту жөніндегі өтініштерін мақұлдады”, – делінген ұйым хабарламасында.

World Boxing олимпиадалық бокстағы басты ұйымға айналды

Қазір World Boxing – Халықаралық Олимпиада комитеті құрылымында әуесқой бокстың мүддесін қорғайтын негізгі ұйым.

2025 жылдың 26 ақпанында ХОК World Boxing ұйымын боксты басқаратын халықаралық федерация ретінде уақытша мойындады. Ал сол жылдың наурыз айында бокс 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына World Boxing аясында ресми түрде енгізілді.

Бұл шешім әуесқой бокстың олимпиадалық болашағы үшін маңызды қадам болды. Себебі соңғы жылдары бокс спортының Олимпиада бағдарламасындағы орнына қатысты түрлі талқылаулар жүрген еді.