Шавкат Рахмоновтың оралуы неге кешігіп жатыр? Бапкері себебін түсіндірді
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жарақаттан кейінгі қалпына келу барысы туралы жаңа мәлімет айтылды. Бұл жөнінде бапкері Эдуард Базров пікір білдірді.
Рахмонов оңалту шараларынан өтіп жатыр
Эдуард Базровтың айтуынша, Шавкат Рахмоновтың қалпына келу процесі жоспарға сай жүріп жатыр. Дегенмен файтердің октагонға нақты қашан оралатынын айту әзірге қиын.
Бапкер мұны алдыңғы айқыш байлам жарақатының ерекшелігімен байланыстырды. Мұндай жарақаттан кейін әр спортшы әртүрлі мерзімде қалпына келеді.
“Қалпына келудің нақты мерзімін айта алмаймын. Себебі бұл – алдыңғы айқыш байлам жарақаты. Бір спортшы жарты жылда қайта оралса, енді біріне бір жарым жыл қажет болуы мүмкін. Қазір Шавкат реабилитациядан өтіп жатыр. Бәрі қалыпты жүріп жатыр, күтпеген қиындықтар болмайды деп ойлаймыз”, – деді Эдуард Базров.
2024 жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың 8 желтоқсанында өткен UFC 310 турнирінде октагонға шыққан. Сол кеште қазақстандық файтер ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген еді.
Бастапқыда бұл кездесу Рахмонов үшін чемпиондық жекпе-жек болуы тиіс еді. Бірақ сол кездегі белбеу иегері Белал Мұхаммад жарақатына байланысты айқастан бас тартқан.
Кейіннен Шавкаттың өзі де жарақатына байланысты бірнеше жекпе-жекке шыға алмады. Осылайша Қазақстандағы ең танымал UFC спортшыларының бірі ұзақ уақыт бойы жарыссыз қалып отыр.