Бес баланың анасы Азия чемпионатындағы медалі үшін марапатталды

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық боксшы Әйгерім Сәттібаева 2026 жылғы Азия чемпионатында жеңіп алған қола медалі үшін ақшалай сертификатқа ие болды. Ұлан-Батырдағы құрлықтық додада ұлттық құрама өкілі 48 келіге дейінгі салмақта жүлдегер атанған еді.

Бес баланың анасы Азия чемпионатындағы медалі үшін марапатталды
instagram/@jambylsport.kz

Азия чемпионатындағы жолы

Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, Әйгерім Сәттібаеваға 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Бұл марапат спортшының Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен бокстан Азия чемпионатындағы нәтижесіне берілді.

Сонымен бірге боксшының жеке бапкері де назардан тыс қалған жоқ. Оның жаттықтырушысы 500 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.

Әйгерім Сәттібаева турнирде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ширек финалда Өзбекстан өкілі Сабина Бобокуловамен кездесті.

Жекпе-жек толық үш раундқа созылды. Төрешілер шешімімен Сәттібаева 3:2 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.

Ал финалға шығу үшін өткен кездесуде моңғолиялық Номундари Энх-Амганалмен қолғап түйістірді. Бірінші раундта төрешілердің басым бөлігі Сәттібаеваның өнерін жоғары бағалағанымен кейінгі раундтарда қарсыласы басымдыққа ие болды.

Нәтижесінде төрешілер шешімімен жеңіс моңғолиялық боксшыға берілді — 0:5.

Бокстан Азия чемпионатының ережесіне сәйкес, үшінші орын үшін бөлек жекпе-жек өткізілмейді. Сондықтан Әйгерім Сәттібаева қола жүлдегер атанды.

Спорт пен отбасын қатар алып жүрген боксшы

Айта кетейік, 34 жастағы Әйгерім Сәттібаева — бес баланың анасы. Ол қазақстандық боксшы Олжас Сәттібаевтың жұбайы.

Көпбалалы ана атанғанына қарамастан Әйгерім кәсіби спорттағы жолын жалғастырып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Оның Азия чемпионатындағы жүлдесі қазақстандық әйелдер боксы үшін маңызды нәтиже болды.

Алматбек Аманбек те марапат алды

Салтанатты марапаттау кезінде тағы бір қазақстандық спортшы — грек-рим күресінің өкілі Алматбек Аманбек те сый-құрметке бөленді.

Ол Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Осы жетістігі үшін спортшыға 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал оның бапкері 1 миллион теңге көлемінде марапат алды.

Алматбек Аманбек 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, финалда ирандық Мохаммад Джавад Саадат Резаимен белдесті. Қазақстандық боз кілем шебері қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, Азия чемпионы атанды.