Мұхит Амантаев жаттығуға кешіккен блогерлерді қамшымен сабады (ВИДЕО)
Бокстан жаттықтырушы Мұхит Амантаев жаттығуға уақытында келмеген танымал блогерлер Олжасхан мен Абауға ерекше жаза қолданды.
Тәртіпке бағынбағандар жаза тартады
Бапкер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода алдымен екі инфлюенсерге қатаң ескерту жасаған. Оның айтуынша, жаттығу белгіленген уақытта басталуы тиіс, ал тәртіпке бағынбау спортта алға жылжуға кедергі болады.
"Жаттығу сағат үште басталады. Қазір үштен жиырма жеті минут кетті. Демек, 27 минутқа кешіктіңдер. Маған балалар бір минут кешіксе де, қамшымен жазалаймын. Олар Қосшыдан, Сороковойдан келеді екі-үш автобусқа отырып, бәрібір уақытында жетеді. Жаттығу болса, оған дер кезінде келу керек. Таңғы тоғызда басталса, сегіз жарымда немесе сегізде залда болыңдар. Мүмкіндіктерің бар, неге жарты сағат бұрын шықпайсыңдар? Неге мен сендерді күтуім керек? Тәртіп болмаса, алысқа бару қиын. Қанша жерден мықты болсаң да", — деді Амантаев.
Осыдан кейін бапкер тәрбиеленушілерінің бірінің ата-анасы сыйлаған қамшыны көрсетіп, блогерлерді "жатып тірену" қалпына қойды. Артынша олардың әрқайсысына үш реттен қамшы тигізді.
Мұхит Амантаев — танымал бапкер
Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырған видеолары арқылы кеңінен танылған. Жақында ол қырғызстандық ММА файтері Марсель Нұрланбек уулына үндеу жасап, онымен көз арбасу рәсімін де өткізген еді.
Ал Олжасхан мен Абау — Қазақстандағы танымал блогерлер. Олар Instagram, TikTok және YouTube платформаларында әзіл-сықақ, лайфстайл бағытындағы контенттерімен көпшілікке белгілі.