Наоя Иноуэ абсолютті әлем чемпионы атағын қорғады

Жекпе-жек шолушысы

Токиодағы әйгілі Tokyo Dome аренасында кәсіпқой бокс кеші өтті. Басты жекпе-жекте екінші жеңіл салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Наоя Иноуэ отандасы Дзюнто Накатаниді төрешілер шешімімен жеңді.

Наоя Иноуэ абсолютті әлем чемпионы атағын қорғады
dazn.com

Айқас 12 раундқа созылды

Жапониялық бокстың екі жұлдызы арасындағы кездесу кәсіпқой бокстағы ең көп күтілген жекпе-жектердің бірі болды. Абсолютті чемпион мәртебесін қорғаған Наоя Иноуэ мен бұған дейін жеңіліс көрмеген Дзюнто Накатани рингте толық 12 раунд жұдырықтасты.

Тартысты өткен айқастың қорытындысында төрешілер жеңісті Иноуэге берді. Есеп: 116-112, 116-112, 115-113.

Наоя Иноуэ жеңіліссіз сериясын жалғастырды

33 жастағы Наоя Иноуэ бұл жеңістен кейін екінші жеңіл салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Сонымен қатар кәсіпқой рингтегі жеңіліссіз сериясын одан әрі ұзартты.

Қазір Иноуэнің рекорды — 33 жеңіс, 0 жеңіліс. Оның 27 жеңісі нокаутпен аяқталған.

Айта кетейік, Иноуэ бұған дейін жеңіл салмақта барлық белбеуді біріктіріп, кейін дәл осы жетістігін екінші жеңіл салмақта да қайталаған. Соңғы жекпе-жектерінде Муроджон Ахмадалиев пен Давид Пикассоны да төрешілер шешімімен жеңген.

Дзюнто Накатани алғаш рет жеңілді

28 жастағы Дзюнто Накатани үшін бұл кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңіліс болды. Осы кездесуге дейін оның еншісінде 32 жеңіс болған және ол бірде-бір рет ұтылмаған еді.

Накатани — үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған тәжірибелі боксшы. Оның 23 жеңісі нокаутпен тіркелген.

2020 жылдан бері жапониялық 10 титулдық жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. 2024 жылдың ақпанында Алехандро Сантьягоны нокаутқа түсіріп, WBC белбеуін жеңіп алған. Кейін бұл титулын үш рет сәтті қорғады.