Федерация қазақстандық боксшыларға қатаң ескерту жасады
Енді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын әрбір боксшының әрекеті жіті бақылауда болады.
Тәртіп бұзғандарға қатаң шара қолданылады
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов жыл сайынғы конференцияда баяндама жасап, отандық боксшылар мен олардың жаттықтырушыларына маңызды ескерту жасады.
Оның айтуынша, ұлттық құрама сапындағы әрбір боксшы мен бапкер ел абыройына нұқсан келтірмеуі тиіс. Халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсететіндер үшін тәртіп, жауапкершілік және спорттық этика басты талап болып қала береді.
“Тәртіп пен спорттық этика бірінші орында тұруы керек. Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын әрбір спортшы мен бапкер мемлекеттің имиджіне зиян келтірмеуге міндетті. Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне қатысты қатаң шаралар қабылданады”, — деді Мерей Ақшалов.
Жаңа спорттық этика кодексі күшіне енді
2025 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі жаңартылған әрі талаптары күшейтілген Спорттық этика кодексін ресми түрде қолданысқа енгізді.
Бұл құжат ұлттық құрамалардың барлық мүшесіне ортақ міндеттер жүктейді. Атап айтқанда, спортшылар мен жаттықтырушылар жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары кезінде тәртіп сақтауға, бейтараптық қағидаларын ұстануға және көпшілік алдында өзін кәсіби деңгейде ұстауға тиіс.
Боксшыларға қандай әрекеттерге тыйым салынды?
Жаңа кодексте спортшылар мен бапкерлерге қатысты бірқатар нақты шектеу қарастырылған. Соның ішінде:
- оқу-жаттығу процесіне қатысты ішкі ақпаратты таратуға;
- балағат сөз қолдануға;
- қарсыласын, төрешіні немесе өзге тұлғаларды сөзбен не ишарамен қорлауға;
- қорқыту немесе агрессиялық мінез көрсетуге;
- жарыс барысына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;
- елдің беделіне нұқсан келтіретін қылықтарға баруға;
- команда ішінде діни насихат жүргізуге және дінді ашық түрде көрсетуге тыйым салынады.