Қазақстандық балуандар Вьетнамдағы Азия чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды (ВИДЕО)

Бокс шолушысы

Қазақстан құрамасының қоржыны Вьетнамның Дананг қаласындағы грек-рим күресінен U23 Азия чемпионатында тағы үш жүлдемен толықты.

Қазақстандық балуандар Вьетнамдағы Азия чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды (ВИДЕО)
instagram/dursunov_77

Нұрмұхамед Ибраһим күміс медаль иеленді

72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрмұхамед ИбраҺим финалға дейін жетіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Ол шешуші белдесуде қырғызстандық Ырыскелді Хамзаевпен кездесті. Қазақстандық балуан бастапқыда 5:0 есебімен алда тұрған. Бірақ қарсыласы кейін таразы басын өз жағына аударып, белдесу 5:13 есебімен аяқталды.

Осылайша Ибраһим құрлық додасында екінші орын алды.

Әлихан Дурсунов та финалда өнер көрсетті

Қазақстан құрамасына тағы бір күміс жүлдені Әлихан Дурсунов сыйлады. Ол 77 келіге дейінгі салмақта финалға шықты.

Дурсунов жартылай финалда үндістандық Кумар Сачинді сенімді түрде жеңді. Белдесу 10:3 есебімен аяқталды.

Ал алтын медаль үшін өткен шешуші кездесуде қазақ балуаны Өзбекстан өкілі Абдулло Алиевке есе жіберді. Финалдық белдесу 2:5 есебімен аяқталды. 

Кирилл Минько қола медаль еншіледі

82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Кирилл Минько Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды.

Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде Сауд Арабиясының өкілімен кездесіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Кездесу 9:0 есебімен мерзімінен бұрын аяқталды.

Бұған дейінгі нәтижелер 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы осы турнирде алтын медаль жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айбек Айтбеков Азия чемпионы атанды.

Ол финалда үндістандық Сураджды мерзімінен бұрын жеңді.