Шавкат Рахмонов Асу Алмабаевтың секунданты болуы мүмкін

Бас редактор

Асу Алмабаев 27 маусымда UFC Fight Night 280 турнирінде америкалық Чарльз Джонсонмен кездеседі.

Шавкат Рахмонов Асу Алмабаевтың секунданты болуы мүмкін
Vesti.kz

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев алдағы жекпе-жегінде Шавкат Рахмоновтың көмегіне жүгінуі мүмкін. Яғни Бакуде өтетін UFC турнирінде секундант қызметін атқаруы ықтимал. Бұл туралы Алмабаев Namys Fighting YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Асу Алмабаевтың сөзінше, ол маңызды жекпе-жек алдында ең алдымен Шавкат Рахмоновқа осындай ұсыныс жасаған. Себебі Рахмоновтың ММА-дағы тәжірибесі мен октагон ішіндегі жағдайды түсінуі команда үшін үлкен басымдық береді.

"Жүз пайыз деп айта алмаймын, бірақ мен оған ұсыныс жасадым. Бірінші кезекте әрдайым Шавкатқа айтамын. Себебі ол ММА-ны менен кем білмейді, тіпті артық білмесе. Оның бұрышта болуы — әрқашан плюс. Бірақ бізде "керемет үштік" бар: Санжар, мен және Әліби. Бір жылдан бері бірге жаттығып жүрміз. Қазір бұрышта Санжар, Эдуард Базров және бапкеріміз Ораз болады", — деді Алмабаев.

Журналистің "Шавкат бас тартты ма, әлде ойланып жүр ме?" деген сұрағына Асу: 

"Ол әзірге ойланып жүр. Бірақ бұл аса үлкен мәселе емес", — деп жауап берді.

Рахмонов бұған дейін де Алмабаевқа көмектескен

Шавкат Рахмонов соңғы рет Асу Алмабаевтың бұрышында 2025 жылдың 22 қарашасында тұрған. Ол кезде Дохада өткен UFC Fight Night 265 турнирінде Алмабаев америкалық Алекс Переспен кездескен еді.

Айта кетейік, Асу Алмабаев келесі жекпе-жегін америкалық Чарльз Джонсонға қарсы өткізеді. Айқас 2026 жылдың 27 маусымында Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін UFC Fight Night 280 турнирінде жоспарланған.