Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлерге үндеу жасады
Орта салмақтағы қазақ боксшысы кезекті жекпе-жегіне дайындықты ресми түрде бастағанын айтты.
Тарих жалғасады
“Qazaq style” әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы кездесуге ерекше жауапкершілікпен дайындалып жатқанын жеткізді.
“Алдағы жекпе-жекке дайындықты бастап кеттім. Бәрі сәтті болса, жақын күндері үлкен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін шетелге шығамыз. Алдымызда үлкен мақсат тұр. Тарих жасау жолын жалғастырамыз. Сенімді ақтап, көк туымызды тағы да биікке көтеру үшін бар күшімізді саламыз”, — деп жазды боксшы.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының мансабында күрделі кезең болғаны белгілі. 2025 жылдың желтоқсанында оның допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний анықталып, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, кубалық Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жегі өтпей қалған еді.
Осы жағдайдан кейін WBO қазақстандық боксшыны 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жарыстардан шеттеткенімен чемпиондық титулын өзінде қалдырды. Ал IBF ұйымы белбеуінен айырды.
Қарсыласы - Дензел Бентли
Биыл желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуін міндетті түрде қорғауы тиіс. Оның қарсыласы — уақытша чемпион, британиялық Дензел Бентли.
Бұл жекпе-жек қазақ боксшысы үшін мансабындағы ең маңызды сынақтардың бірі болуы мүмкін. Себебі Әлімханұлы рингке қайта оралып қана қоймай, әлемдік бокстағы орнын сақтап қалуға ұмтылады.