Қазақстандық дзюдошылар Циндаодағы гран-придің екінші күнінде жүлдесіз қалды
Жарыстың үшінші күні ерлер арасында 90 және 100 келіге дейінгі салмақтағы дзюдошылар татамиге шығады.
Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан дзюдодан Grand Prix турнирінің екінші жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз аяқталды. Отандық татами шеберлерінің ешқайсысы финалдық кезеңге шыға алмады.
Бір күн бұрын Қазақстан құрамасы жанкүйерлерді Елдос Сметовтің татамиге оралуымен және Ғұсман Қырғызбаевтың күміс медалімен қуантқан еді. Алайда жарыстың екінші күнінде ұлттық құрама өкілдері жүлдеге таласа алмады.
Қазақстандықтар ширек финалға да шықпады
Циндаодағы Grand Prix турнирінің екінші жарыс күнінде Қазақстан атынан бірнеше салмақта дзюдошылар татамиге шықты. Бірақ олардың ешқайсысы ширек финалға дейін жеткен жоқ.
- 73 келіге дейінгі салмақта Ерсұлтан Дүйсехан алғашқы белдесуінде жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.
- Осы салмақта сынға түскен Бақытжан Абдурахманов үшінші белдесуіне дейін жетті. Алайда шешуші кезеңде қарсыласына жол беріп, турнирден шығып қалды.
- 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Алмат екінші белдесуінде жеңілді. Ал Абылайхан Жұбаназар үшінші белдесуінде есе жіберді.
- Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Ажар Асхат пен Мөлдір Нарынова татамиге шықты. Екі қазақстандық дзюдошы да алғашқы белдесулерінде қарсыластарына жол беріп, жарысты ерте аяқтады.
Үшінші жарыс күнінен үміт бар
Grand Prix турнирінің келесі күнінде Қазақстан атынан ерлер арасында 90 және 100 келіге дейінгі салмақтағы дзюдошылар татамиге шығады.
Әйелдер арасында 78 келі және 78 келіден жоғары салмақтағы спортшылар ел намысын қорғайды.