Жәнібек Әлімханұлы үш салмақта әлем чемпионы атанбақ (ВИДЕО)
Отандасымыз қазіргі уақытта допингке байланысты бір жылдық дисквалификация мерзімін өтеп жатқанына қарамастан қызу дайындық жұмыстарын бастап кеткен.
WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы рингке қайта оралуға дайындалып жатыр. "Қазақ стилі" лақап атымен танымал боксшы жаттығу барысын көрсетіп, бір емес, үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болуды мақсат ететінін мәлімдеді.
"Жаттығу қызу жүріп жатыр! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қолдау көрсетіп, ел сенім артып тұрған шақта біздің жеңіске деген құштарлығымыз еселене түседі. 1 емес 3 салмақта Әлем чемпионы болу жолында аянбай тер төгіп жатырмыз! Көк ту әрқашан биікте желбіресін", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Мақсат — үш салмақты бағындыру
Қазіргі таңда отандасымыз WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр.
Еске салайық, қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан мельдоний табылуына байланысты бір жылдық дисквалификация мерзімін өтеп жатыр.
Оның рингке қайта оралуы желтоқсан айында күтіледі. Сол кезеңнен кейін қазақстандық боксшының келесі қарсыласы мен нақты жоспары белгілі болады.