Ұлжан Сәрсенбек Азия чемпионатында жүлдегер атанды (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Джакартада жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының ширек финалында сенімді жеңіске жетті.
Жартылай финалға шықты
Индонезия астанасы Джакартада бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. 57 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Ұлжан Сәрсенбек ширек финалда жапониялық Рико Ямадамен кездесті.
Жекпе-жек толықтай қазақ қызының басымдығымен өтті. Ұлжан қарсыласынан тактикалық және техникалық тұрғыда жоғары екенін көрсетіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осы нәтижеден кейін Ұлжан Сәрсенбек жартылай финалға жолдама алып, Азия чемпионатының кемінде қола жүлдесін иемденді.
Сәрсенбек бұған дейін де ірі жарыстарда көзге түскен
Ұлжан Сәрсенбек – жастар боксының жарқын өкілдерінің бірі. Ол 2023 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар 2025 жылы Нью-Делидегі Әлем кубогының финалдық кезеңінде қола медаль жеңіп алды.
2024 жылы Таиландтың Чиангмай қаласында Азия чемпионатында да қола жүлдеге ие болған. Енді Джакартадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында тағы бір медальді өз еншісіне жазды.