Аяжан Ермек рингте қарсыласына мүмкіндік қалдырмады (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық боксшы Джакартада Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін сенімді жеңіспен бастады.

Аяжан Ермек рингте қарсыласына мүмкіндік қалдырмады (ВИДЕО)
instagram/@boxingkazakhstan

Алғашқы жекпе-жектегі үстемдік

Индонезия астанасы Джакартада U-19 және U-23 жас санаттары арасындағы бокстан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Төртінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының өкілі Аяжан Ермек шаршы алаңға шықты.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшының қарсыласы оңтүстіккореялық Жиеон Ким болды. Жекпе-жек барысында Ермек қарсыласына өз қарқынын таңып, рингтегі бастаманы толықтай өз қолында ұстады. Алғашқы екі раундтан кейін төрешілердің ешқайсысы кореялық боксшыға басымдық бермеген. Есеп – 20:18, 20:18, 20:18, 20:18 және 20:17.

Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер Аяжан Ермектің жеңісін бірауыздан мойындады. Осылайша қазақ қызы Азия чемпионатында медаль үшін күресін жалғастырады.

Жастар боксының тәжірибелі өкілі

Аяжан Ермек бұған дейін де халықаралық жарыстарда көзге түскен. 2024 жылы ASBC аясындағы жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған.

Сонымен қатар 2025 жылы World Boxing ұйымдастырған жастар арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атанды.

Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының Азиядағы құрылымы – Asian Boxing аясында екінші рет өткізіліп жатыр. Алғашқы турнир 2025 жылдың тамыз айында Бангкокта өткен.

Биылғы біріншілік 4 шілде күні Индонезия астанасы Джакартада басталды. Жарыста ұлдар мен қыздар U-19 және U-23 жас санаттарында бақ сынап жатыр. Құрлықтық додаға жалпы саны 330-ға жуық боксшы қатысады.