"Елдің беделіне нұқсан келтірді": Данияр Елеусінов Мұхит Амантаевты сынға алды
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов IBA Nomad 15 турнирінде Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетовтен жеңілген Мұхит Амантаевтың өнеріне қатысты пікір білдірді.
Елеусінов Амантаевтың жеңілісіне пікір білдірді
Данияр Елеусіновтің айтуынша, Мұхит Амантаев жекпе-жекке дейін өзіне сенімді сөйлегенімен, айқаста сол сөзін дәлелдей алмады.
“Мұхит сөзінде тұрмады. Өзі “былай істеймін, былай жасаймын” деп айтқан еді. Бұл шынайы эмоция шығар. Бірақ бәрі басқаша болды. Алдын ала олай сөйлемеу керек еді. Шынын айтқанда, ол жеңілді. Оны ұрып тастады. Ол жақсы жігіт, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірақ мұндай өнерімен біздің құраманың беделіне нұқсан келтіреді”, — деді Елеусінов Instagram желісінде.
Олимпиада чемпионының пікірінше, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мұндай қарсыласқа қарсы әлдеқайда сенімді өнер көрсетуі керек болған.
“Мотиватор” мен Амантаев арасындағы жекпе-жек қалай өтті?
Мұхит Амантаев пен Әнуарбек “Мотиватор” Бекембетов арасындағы кездесу 4 шілде күні Алматыда IBA Nomad 15 турнирінде ұйымдастырылды. Жекпе-жек “ММА тік тұру” ережесі бойынша жартылай жеңіл салмақта өтті.
Бұл айқасқа дейін екі файтер арасында әлеуметтік желіде ұзаққа созылған келіспеушілік болған. Бір жылға жуық уақытқа созылған тартыс қатты трештокпен және бір-біріне бағытталған өткір мәлімдемелермен есте қалды.
Амантаев бірінші раундта басымдық алғанымен, жеңіліп қалды
Жекпе-жектің басында Мұхит Амантаев қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсіре алды. Алайда Бекембетов жағдайды тез өзгертті. Ол алғашқы раундтың өзінде екі рет нокдаун жасап, кездесудің бағытын өз пайдасына бұрды.
Екінші раундта “Мотиватор” тағы бір мәрте қарсыласын ауыр соққымен тоқтатты. Ал үшінші раундта корпусқа бағытталған дәл соққыдан кейін Бекембетов техникалық нокаутпен жеңіске жетті.