Бір салмақ аздық етеді: Жәнібек Әлімханұлы бокста жаңа дәуір бастамақ (ВИДЕО)
Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялап, алдағы жоспарына қатысты мәлімдеме жасады.
Үш салмақта чемпиондық титулдарды бағындлырмақ
Жәнібек Әлімханұлы Instagram парақшасында дайындық барысынан видео көрсетті. Кадрларда қазақстандық боксшы рингте соққы техникасын пысықтап, ауыр қаппен жұмыс істеп, жылдамдық пен төзімділікке арналған жаттығулар орындап жүр.
Сонымен қатар видеода ашық ауада күштік жаттығулар жасағаны байқалады. Әлімханұлы арнайы салмақтармен жұмыс істеп, жаттығу арқанын пайдаланып, турник пен брусьяда дайындық өткізген. Сондай-ақ жағажайда секіру жаттығуларын орындаған сәттері де көрсетілген.
Қазақстандық боксшы жариялаған видеосына қысқа әрі нақты жазба қалдырды.
“Біз үш салмақта чемпиондық титулдарға бара жатырмыз!” – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Бұл мәлімдеме жанкүйерлер арасында қызу талқыланды. Әлімханұлының айтуынша, оның мақсаты тек орта салмақтағы белбеуді қорғаумен шектелмейді. Ол алдағы уақытта бірнеше салмақ дәрежесінде чемпион атануды көздейді.
Қазір уақытша дисквалификацияда
Қазір Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың желтоқсанына дейін уақытша дисквалификация мерзімін өтеп жатыр. Бұған мельдонийге байланысты оң допинг сынамасы себеп болған.
Осы жағдайдан кейін 2026 жылдың көктемінде IBF ұйымы қазақстандық боксшыны өз чемпиондық белбеуінен айырды. Дегенмен WBO ұйымы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы ретінде сақтап қалды.
Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Бұл кезде оның бір жылдық дисквалификация мерзімі аяқталады.
Қазіргі ақпарат бойынша, қазақстандық боксшының ықтимал қарсыласы – британиялық Дензел Бентли. Ол WBO нұсқасы бойынша уақытша чемпион мәртебесіне ие. Айта кетейік, Әлімханұлы мен Бентли бұған дейін 2022 жылы жұдырықтасқан.