Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізді деген күдікке ілінді

Спорт шолушысы

Қазақстандық боксшы Астанада болған жол-көлік оқиғасына байланысты тексеріліп жатыр.

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізді деген күдікке ілінді
instagram/yeleussinovdaniyar

Бұл туралы заңгер Жасұлан Рахымғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Астананың Нұра ауданында Төле би мен Халифа бен Заид әл-Нахаян көшелерінің қиылысында үш көліктің қатысуымен жол апаты болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін полицейлер іздестіру барысында аталған көлікті Достық көшесі, “Хан Шатыр” сауда ойын-сауық орталығының маңынан тоқтатқан. Заңгердің мәліметінше, рөлде Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде болған.

Полиция мәлімдемесі

Zakon.kz дерегінше Астана қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қалада бірнеше көлік зақымданған екі жол-көлік оқиғасы тіркелген.

"Астанада екі жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан бірнеше автокөлік зақымданды. Алдын ала дерек бойынша, Toyota Land Cruiser жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, кейін оқиға орнынан ізін суытқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында көлік анықталып, Достық көшесінде тоқтатылған. Көлік тізгінінде 35 жастағы ер адам болған және одан алкогольдік масаңдық белгілері байқалған.”

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір аталған іс бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.