GGG тағы да үздіктер қатарында: Головкин атақты чемпиондарды басып озды

Бокс шолушысы

Жуырда Boxing.media порталы әуесқой бокстағы әлемнің үздік боксшылары рейтингін жариялады. 

GGG тағы да үздіктер қатарында: Головкин атақты чемпиондарды басып озды
Vesti.kz

Қазақстандық боксшы, ҚР ҰОК және World Boxing президенті Геннадий Головкин әуесқой бокстағы жеңіс саны бойынша әлемнің үздік боксшыларының қатарына енді.

Boxing.media порталы жариялаған рейтингіге сәйкес, Геннадий Головкин Александр Усик, Дмитрий Бивол және Артур Бетербиев секілді танымал чемпиондардан жоғары орналасты.

Головкин рейтингте екінші орын алды

Геннадий Головкин әуесқой бокстағы мансабын 345 жеңіс және 5 жеңіліспен аяқтаған. Осы көрсеткіш оның әлемдік рейтингте екінші орын алуына мүмкіндік берді. 

Ал бірінші орында Ломаченко тұр. Украиналық былғары қолғап шебері әуесқой бокста 396 жеңіске жетіп, бір ғана рет жеңілген.

Александр Усик әуесқой бокста 335 жеңіс және 15 жеңіліс тіркеген. Артур Бетербиевтің көрсеткіші — 295 жеңіс және 5 жеңіліс. Ал Дмитрий Бивол 268 жеңіс пен 15 жеңіліс нәтижесімен тізімге енді.

Головкин — Қазақстан боксының басты тұлғаларының бірі

Геннадий Головкин Қазақстан әуесқой боксының ең титулды өкілдерінің бірі саналады. Ол 2003 жылы Бангкокта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Ал 2004 жылы Афина Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. 

Әуесқой бокстан кейін Геннадий Головкин кәсіпқой рингке ауысып, орта салмақта әлем чемпионы атанды.