Қазақстандық қыздар Азия чемпионатының төртінші күнінде төрт медаль иемденді
Қазақстан әйелдер құрамасының өкілдері Джакартада бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатының төртінші жарыс күнінде шаршы алаңға шықты.
Алты жекпе-жек өткізді
Индонезия астанасы Джакартада U-19 және U-23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Төртінші жарыс күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының алты боксшысы медаль жолындағы ширек финалдық кездесулерін өткізді.
Бұл күні ел намысын қорғаған боксшылардың төртеуі жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал екі қазақстандық боксшы жарысты ширек финалда аяқтады.
Төрт боксшы жартылай финалға өтті
48 келіге дейінгі салмақта Гүлназ Бөрібаева үндістандық Нидхимен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақ қызы төрешілердің бөлінген шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетті.
51 келіге дейінгі салмақта Анита Әдішева вьетнамдық Зи Нгок Тран Нгуеннен басым түсті. Жекпе-жек 4:1 есебімен отандасымыздың пайдасына аяқталды.
57 келіде Ұлжан Сәрсенбек жапониялық Рико Ямаданы айқын басымдықпен ұтты. Төрешілердің бәрі жеңісті қазақстандық боксшыға берді – 5:0.
60 келіге дейінгі салмақта Аяжан Ермек те сенімді өнер көрсетті. Ол Оңтүстік Корея боксшысы Жиеон Кимді 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Екі боксшы жеңілді
54 келіге дейінгі салмақта Сымбат Әлиасқар үндістандық Нишамен жұдырықтасты. Бұл кездесуде қарсылас боксшы төрешілер шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
65 келіге дейінгі салмақта Аружан Жаңабаева өзбекстандық Севинч Хурамоваға қарсы рингке шықты. Өкінішке қарай, бұл жекпе-жекте де төрешілер жеңісті қарсыласқа берді – 0:5.
Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты Джакартада 16 шілдеге дейін жалғасады. Турнирде 19 жасқа дейінгі және 23 жасқа дейінгі боксшылар бақ сынап жатыр.