Төрт дүркін Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев құрлық біріншілігінің медалін жеңіп алды (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Джакартада жастар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты.
Үнді боксшысымен ширек финалдағы айқас
90 келі салмақта рингке шыққан Темірлан Мұқатаев жартылай финал жолдамасы үшін Рокей Чаудхаримен жұдырықтасты.
Жекпе-жек алдында қазақстандық боксшы айқын фаворит саналғанымен алғашқы раунд тартысты өтті. Үндістандық қарсылас қорғаныста сауатты қимылдап, қарсы шабуылдар арқылы ұпай жинады. Нәтижесінде бес төрешінің үшеуі алғашқы үш минуттықты Чаудхаридің пайдасына бағалады.
Екінші раундта жекпе-жек барысы өзгерді
Екінші раундта Темірлан Мұқатаев қарқынын арттырып, рингтегі басымдықты толықтай өз қолына алды. Қазақстандық боксшы қарсыласын қысымда ұстап, дәл соққыларын жиілетті.
Кездесу барысында Рокей Чаудхари ереже бұзып, төреші тарапынан ұпай шегеру жазасына тартылды. Сонымен қатар төрт төреші екінші раундта Мұқатаевтың басымдығын белгіледі.
Осы кезеңнен кейін жекпе-жектің жалпы көрінісі қазақстандықтың пайдасына өзгерді.
Жартылай финал жолдамасы
Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Темірлан Мұқатаевқа берді. Осылайша ол Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алып, Қазақстан құрамасына кемінде қола медаль әкелді.
Енді төрт дүркін Азия чемпионы Джакартадағы турнирдің финалына шығу үшін жұдырықтасады.
Темірлан Мұқатаев жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлық біріншіліктерінде төрт рет чемпион атанған.
Оның басты жетістіктері:
- 2021 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы;
- 2022 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы;
- 2024 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы;
- 2025 жылғы U-23 санатындағы Азия чемпионы.
- 2022 және 2024 жылдары Мұқатаев 86 келіге дейінгі салмақта топ жарса, 2025 жылы 90 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді.