Қазақстандық екі балуан қыз әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Спорт шолушысы

Аянат Мейнамбай мен Айша Әбдімәлік Бакуде 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Қазақстандық екі балуан қыз әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
sportarena.kz

Бакудегі әлем чемпионаты

Әзербайжан астанасында 27 шілде мен 2 тамыз аралығында күрестен 17 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Жарыстың алғашқы күнінде бозкілемге шыққан қазақстандық қыздар әртүрлі нәтиже көрсетті. Данара Дайырбекова 43 келіде, Арина Қуанышова 57 келіде және Бағжан Құрманбай 73 келі салмақ дәрежесінде алғашқы белдесулерінде жеңіліп, алтын медаль үшін таласты жалғастыра алмады.

Ал Аянат Мейнамбай мен Айша Әбдімәлік жартылай финалға шықты.

Аянат Мейнамбай екі қарсыласын жеңді

49 келі салмақта өнер көрсететін Аянат Мейнамбай күндізгі сессияда екі кездесу өткізді.

Алғашқы белдесуінде мысырлық Малак Наварды 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Кейін Германия атынан сынға түскен Мадина Байрамовадан 4:0 есебімен басым түсті.

Финалға шығу үшін Аянат Мейнамбай украиналық Алёна Колубаймен белдеседі.

Айша Әбдімәлік үш белдесуде жеңіске жетті

65 келі салмақ дәрежесіндегі Айша Әбдімәлік жартылай финалға дейін үш қарсыласын жарыс жолынан шығарды.

Алдымен венгриялық Соня Вересті 8:3 есебімен жеңді. Одан кейін америкалық Ив Роккиден тартысты белдесуде 7:6 есебімен басым түсті.

Ширек финалда Айша молдовалық Маргарита Лиситамен кездесті. Нәтижелі белдесу 13:12 есебімен қазақстандықтың пайдасына аяқталды.

Жартылай финалда Айша Әбдімәліктің қарсыласы грекиялық Василики Каравану болады.