Майк Тайсон өзінің сүйікті боксшысын атады
Аса ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы ең мықты боксшының кім екенін айтты.
Тайсон Роберто Дюранды таңдады
Майк Тайсонның айтуынша, бала кезінен Роберто Дюранның өмір жолын өз тағдырына жақын санаған. Америкалық боксшы екеуінің де кедей отбасында өсіп, қиын ортадан шыққанын атап өтті. Сол себепті Тайсон өзін рингтегі мәнері мен мінезі жағынан Мұхаммед Әлиден гөрі Дюранға көбірек ұқсатқан.
“Роберто Дюран. Ол да мен сияқты кедейлікте өсті. Мен Мұхаммед Әли секілді сымбатты болған жоқпын, көшеде өскен қарапайым жігіт едім. Сондықтан Дюранға ұқсағым келді. Ол менің болмысымды бейнелейтін”, – деді Тайсон.
Мұхаммед Әли боксқа қызығушылығын оятқан
Бұған дейін “Темір Майк” Мұхаммед Әлидің өнері оның боксқа деген қызығушылығын оятқанын айтқан еді. Дегенмен Роберто Дюран мен Шугар Рэй Леонардтың жекпе-жектері Тайсонның рингке өзі шығуға деген құлшынысын арттырған.
Оның сөзінше, Дюранның агрессивті стилі, қарсыласқа үздіксіз қысым жасауы және ашық соққы алмасудан қорықпауы өзіне ерекше жақын болған.
Роберто Дюран төрт салмақта әлем чемпионы атанды
“Тас жұдырық” лақап атымен танылған Роберто Дюран кәсіпқой бокста төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болды. Панамалық боксшы жеңіл, жартылай орта, бірінші орта және орта салмақта чемпиондық белбеулерді иеленген.
Оның мансабындағы ең ірі жеңістердің бірі 1980 жылы Шугар Рэй Леонардқа қарсы өткен алғашқы жекпе-жек саналады. Дюран сол кездесуде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, WBC нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды.
Роберто Дюранның кәсіпқой мансабы бес онжылдыққа созылды. Ол рингте 103 жеңіске жетіп, 16 рет жеңілген. Панамалық боксшы 70 қарсыласын нокаутқа түсірген. 2007 жылы Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді.
Тайсонның тарихи рекорды
Майк Тайсон аса ауыр салмақ тарихындағы ең жас әлем чемпионы болып қала береді.
Ол 1986 жылы 20 жасында Тревор Бербикті нокаутқа жіберіп, WBC чемпиондық белбеуін жеңіп алған.