Сәкен Бибосынов сегіз жыл бойы жеңілмеген қарсыласпен жұдырықтасады

Жекпе-жек шолушысы

Олимпиада жүлдегері Астанада IBA Nomad турнирінде намибиялық Иммануэль Йозефпен кездеседі.

Сәкен Бибосынов сегіз жыл бойы жеңілмеген қарсыласпен жұдырықтасады
instagram.com/sakenbibosinov/

Намибиялық боксшымен жұдырықтасады

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы кезекті кездесуін 28 тамызда өткізеді. Ол екінші аса жеңіл салмақта тәжірибелі Иммануэль Йозефпен қолғап түйістіреді.

Жекпе-жек Астанада Халықаралық бокс қауымдастығы мен Nomad Fighting промоушені бірлесіп ұйымдастыратын IBA Nomad турнирінің аясында өтеді. Кеш Халықаралық бокс күніне арналып, оның бағдарламасына жалпы он кездесу енгізілген.

29 жастағы Сәкен Бибосынов үшін бұл кәсіпқой мансабындағы үшінші жекпе-жек болмақ. Боксшы бұған дейін өткізген екі кездесуінің екеуінде де жеңіске жетті. Оның бір жеңісі мерзімінен бұрын тіркелген.

Бибосынов 2025 жылдың шілдесінде Кристиан Леганеден басым түсті. Кейін Әділет Қачқынбековті жеңіп, кәсіпқой рингтегі мінсіз көрсеткішін сақтап қалды.

Әуесқой бокста да өнер көрсетіп жүр

Бибосынов кәсіпқой бокспен қатар олимпиадалық бағыттағы жарыстарға қатысуын жалғастырып келеді. Ол 2021 жылы 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ал 2025 жылы IBA әлем чемпионатында 54 келіге дейінгі дивизионда алтын медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар Олимпиада ойындарының қола жүлдегері саналады.

Иммануэль Йозефтің тәжірибесі мол

34 жастағы Иммануэль Йозеф кәсіпқой рингтегі тәжірибесі бойынша Бибосыновтан айтарлықтай басым. Намибиялық боксшы осы уақытқа дейін 23 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жеткен. Оның еншісінде төрт жеңіліс және бір тең нәтиже бар. Жеті қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.

Йозеф соңғы рет 2018 жылдың қыркүйегінде жеңілген. Содан бері сегіз жылға жуық жеңілістің ащы дәмін татпаған.

2021 жылдың шілдесінде аса жеңіл салмақтағы WBO Africa вакантты чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Титулдық жекпе-жекте Сихле Джелвануды мерзімінен бұрын жеңген. Кейін бұл белбеуін сәтті қорғады.

Йозеф 2024 жылдың қазанында Уфада ресейлік Василий Егоровты техникалық шешіммен ұтқан. Жетінші раундта боксшылардың бастары абайсызда соқтығысып, кездесу тоқтатылды. Төрешілердің есептік карталары бойынша жеңіс намибиялыққа берілді.