Қазақ балуан қызы әлем чемпионатының финалында жеңіліп қалды
Айша Әбдімәлік Бакуде 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Әзербайжан астанасы Бакуде күрес түрлерінен U17 әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Әйелдер күресінен 65 келіге дейінгі салмақтың алтын жүлдесі үшін Айша Әбдімәлік пен моңғолиялық Ариунзул Болдбаатар кездесті. Шешуші белдесуде қарсыласы төрт ұпай жинап, қазақстандықты 4:0 есебімен жеңді. Осылайша Әбдімәлік әлем чемпионатын күміс жүлдемен аяқтады.
Айша Әбдімәлік турнир барысында бірнеше мықты қарсыласынан басым түсті. Алғашқы кезеңде венгриялық Соня Вересті 8:3 есебімен жеңді. Кейін америкалық Ив Роккимен өткен тартысты белдесуде 7:6 нәтижесімен жеңіске жетті.
Ширек финалда молдовалық Маргарита Лиситаны 13:12 есебімен ұтты. Ал финалға жолдама сарапқа салынған кездесуде Грекия намысын қорғаған Василики Каравануды 8:1 есебімен жеңді.