ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ

Оразбек Асылқұлов Азия ойындарындағы басты қарсыластарын атады

Азия чемпионы АҚШ-та өткен оқу-жаттығу жиыны, кәсіпқой боксшылармен спарринг және Жапонияда өтетін Азиада алдындағы мақсаты туралы айтты.

Оразбек Асылқұлов Азия ойындарындағы басты қарсыластарын атады
instagram.com/orazbekassylkulov/

АҚШ-та кәсіпқойлармен спарринг өткізді

Қазақстандық боксшының айтуынша, АҚШ-тағы дайындық барысында Камачо бауырларымен бірге жалпы дене дайындығына басымдық берген. Сонымен қатар мексикалық, америкалық және жапониялық кәсіпқой боксшылармен бес рет спарринг өткізген.

Боксшы кәсіпқой және әуесқой бокстың арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін атап өтті.

"Кәсіпқойлармен жұдырықтасқанда айырмашылық бірден сезіледі. Қателікке жол беруге болмайды. Алты раунд бойы жағдайды бақылауда ұстап, бір сәтке де босаңсуға болмайды", – деді Асылқұлов.

Басты мақсат – Азиада алтыны

Оразбек Асылқұловтың қазіргі басты мақсаты – Жапониядағы Азия ойындарында топ жару. Боксшы Қазақстан құрамасының ұзақ жылдардан кейін қайтадан алтын медаль жеңіп алуына көмектескісі келетінін айтты.

"Ендігі мақсат – Азия ойындарына барып, алтын медаль әкелу. 12 жылдан бері алтынға қол жеткізе алмай жүрміз. Сол нәтижені қайтаратын уақыт келді", – деді.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Асылқұлов Азиададағы негізгі бәсекелестерін де атап өтті.

Оның сөзінше, Қазақстан құрамасы ең алдымен Өзбекстан, Жапония, Тәжікстан және Үндістан боксшыларына ерекше назар аударып отыр. Асылқұлов бапкерлер штабымен бірге ықтимал қарсыластардың жекпе-жектерін қазірдің өзінде талдай бастағанын жеткізді.

Қазақстандық боксшының айтуынша, қарсыластың стиліне қарай арнайы гейм-план құрылады.

"Әр боксшыны жеке зерттейміз. Бірі солақай, бірі оңқай. Біреуі ашық айқасқа ұмтылады, енді бірі финт қолданып, арақашықтықта жұмыс істейді. Бапкерлермен бірге әрқайсысына қарсы тактика дайындап жатырмыз", – деді ол.

Кәсіпқой боксқа әлі ерте

АҚШ-та кәсіпқойлармен бірге жаттыққанына қарамастан Оразбек Асылқұлов әзірге кәсіпқой рингке ауысуды ойламайтынын айтты. Оның басты назарында – ұлттық құрамадағы міндеттер.

"Қазір менің мақсатым – Азия ойындары және алдағы Олимпиада", – деді боксшы.

Қазақстан бокс құрамасы Азиада алдындағы соңғы дайындық кезеңін өткізу үшін Жапонияға аттанды. Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Бокс бәсекелері 21 қыркүйекте басталады.

Оразбек Асылқұлов Жапониядағы додада ел намысын 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қорғайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?