Футбол
Бөлімдер

Сабыржан Аққалықов Instagram парақшасын өшірді

Қазақстандық боксшы Жапонияда Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңілгеннен кейін Instagram желісіндегі парақшасын өшірді.

Сабыржан Аққалықов Instagram парақшасын өшірді
instagram.com/boxingkazakhstan/

Азиаданы алғашқы айналымда аяқтады

80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Сабыржан Аққалықов Азиада-2026 турниріндегі алғашқы кездесуінде Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сонға жол берді. Жекпе-жек төрешілердің бөлек шешімімен аяқталып, қазақстандық боксшы жарыстан ерте шығып қалды.

Осы жеңілістен кейін спортшының Instagram желісіндегі аккаунты қолжетімсіз болды.

Сабыржан Аққалықов бұған дейін 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, IBA ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген. Қазақстандық боксшы 80 келіге дейінгі салмаққа биыл маусым айында ғана ауысқан еді.

Аққалықов Қытайдағы Әлем кубогының екінші кезеңінде екі жекпе-жек өткізді. Екінші кездесуінде өзбекстандық Жавохир Умматалиевке төрешілер шешімімен есе жіберді.

Осы нәтижелерден кейін Аққалықов Азия ойындарында себілген боксшылар қатарына енген жоқ. Соған қарамастан турнирдегі Қазақстан құрамасының негізгі үміттерінің бірі саналған.

Ким Мин Сон екі ірі турнирде жүлде алды

Аққалықовты жарыстан шығарған Ким Мин Сон 2026 жылы 80 келіге дейінгі салмақта екі ірі халықаралық турнирде қола медаль жеңіп алған. Оңтүстік Корея боксшысы алдымен Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында үздік үштікке кірді. Кейін Гуйян қаласындағы Әлем кубогы кезеңінде де қола жүлде еншіледі. 

Қазір Ким Мин Сон World Boxing әлемдік рейтингінде 10-орында тұр.

Қазақстандық боксшылар 24 қыркүйекте рингке шығады

Сабыржан Аққалықовтың жекпе-жегі бокстан Қазақстан  құрамасы үшін Азиададағы алғашқы кездесу болды.

24 қыркүйекте тағы екі қазақстандық жарыс жолына шығады:

51 келіге дейін: Алуа Балқыбекова – Сакши (Үндістан);
70 келіге дейін: Төрехан Сабырхан – Мохаммед Дбичи (Катар).

Бұл туралы не ойлайсыз?