Әзербайжандық балуан Қазақстанның ӘЧ-дағы тағы бір үмітін үзді
Еркін күрес шебері Едіге Қасымбек Астанада әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады.
Қасымбек әлем чемпионатынан неге шығып қалды?
Еркін күрестен 125 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Едіге Қасымбек 1/8 финалда 22 жастағы түркиялық Хакан Бүкчингилден ірі есеппен жеңіліп қалған еді.
Осыдан кейін қазақстандық балуанның жұбаныш белдесулеріне қатысу мүмкіндігі қарсыласының нәтижесіне тікелей байланысты болды. Егер түркиялық финалға шыққанда, Қасымбек қола медаль үшін күресін жалғастыра алатын еді.
Бірақ Хакан Бүкчингил келесі айналымда Әзербайжан атынан сынға түсетін Гиорги Мешвилдишвилиге 1:10 есебімен есе жіберді.
34 жастағы Мешвилдишвили бұған дейін Грузия құрамасында өнер көрсеткен. Ал 2023 жылдан бастап халықаралық жарыстарда Әзербайжан намысын қорғап келеді. Осылайша түркиялық балуанның жеңілісі Едіге Қасымбектің де әлем чемпионатындағы жолын біржола кесті.
Едіге Қасымбек кім?
19 жастағы Едіге Қасымбек – Қазақстан еркін күресінің болашағынан үміт күттіретін жастардың бірі.
Түркістан облысының тумасы жасөспірімдер мен жастар арасындағы халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдеге ие болған.
Басты жетістіктері:
- 2022 жыл: 17 жасқа дейінгі Азия чемпионатының қола жүлдегері.
- 2023 және 2024 жылдар: 17 жасқа дейінгі Азияның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері.
- 2025 жыл: 20 жасқа дейінгі Азия және әлем чемпионы.
- 2026 жыл: Ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
- 2026 жыл: Будапешттегі халықаралық турнирдің жеңімпазы және Mongolia Open жарысының күміс жүлдегері.
- 2026 жыл: Азия ойындарының қола жүлдегері.
Қазақстан Республикасының спорт шебері әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарына ие. Қазіргі уақытта Едіге Қасымбек әлемдік рейтингте 12-орында тұр.
Астанадағы дода Қасымбек үшін ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы сынақ болды.