Қазақстандық файтер үндістандық қарсыласын нокаутқа түсіріп, 20-шы жеңісіне жетті
ММА шебері Диас Еренғайыпов Павлодардағы Naiza 86 турнирінде жарқын жеңіске жетті.
Қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді
Павлодарда ұйымдастырылған Naiza 86 аралас жекпе-жек кешінің негізгі кардында қазақстандық Диас Еренғайыпов пен үндістандық Рана Сингх октагонға шықты. Аса жеңіл салмақ дәрежесінде өткен айқас алғашқы раундта-ақ аяқталды.
Қазақстандық файтер қарсыласына басымдық бермей, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік тапты. Бірінші раундтың 4 минут 39 секундында Еренғайыпов қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Сөйтіп отандасымыз өз жанкүйерлері алдында кезекті жеңісін тойлады.
Еренғайыпов кәсіпқой мансабындағы 20-шы жеңісіне жетті
Бұл кездесуге дейін Диас Еренғайыповтың кәсіпқой ММА-дағы көрсеткіші 19 жеңіс пен 3 жеңілістен тұрған еді. Үндістандық Рана Сингхке қарсы сәтті жекпе-жектен кейін қазақстандық файтердің статистикасы 20 жеңіс және 3 жеңіліске өзгерді.
Ал оның қарсыласы Рана Сингх Павлодардағы турнирге дейін 12 жекпе-жекте жеңіске жетіп, үш рет жеңілген болатын. Қазақстандағы айқастан кейін үндістандықтың еншісінде 12 жеңіс пен 4 жеңіліс бар.
Павлодардағы ММА кешінің басты оқиғасы ретінде қазақстандық екі файтер – Сайхан Джемухаев пен Мұратжан Юсупов арасындағы чемпиондық айқас жарияланды. Олар жартылай ауыр салмақта чемпиондық белбеу үшін күш сынасады.