Бейбарыс Әшірбай жасөспірімдер Олимпиадасында күміс жүлде алды
Қазақстандық боксшы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасының финалында британиялық Майкл Моэнге есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі шешуші жекпе-жек үш раундқа созылды. Кездесу қорытындысында төрешілердің төртеуі жеңісті Моэнге берсе, біреуі қазақстандық боксшыны қолдады.
Осылайша Майкл Моэн 4:1 есебімен жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Ал Әшірбай жарысты күміс жүлдемен аяқтады.
Сенегал астанасындағы жасөспірімдер Олимпиадасының бокс бәсекелері 7–12 қараша аралығында өтті. Турнирге 73 мемлекеттен 114 боксшы қатысты.
Боксшылар ұлдар арасында бес, қыздар арасында бес салмақ дәрежесінде медальдарды сарапқа салды.
Бұл туралы не ойлайсыз?