Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Еркебұлан Тоқтардың келесі қарсыласы ресми анықталды

Танымал актер әрі ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтардың келесі кездесуі ресми түрде жарияланды.

Еркебұлан Тоқтардың келесі қарсыласы ресми анықталды
instagram.com/erkebulan_toktar/

Ресейлік "Веноммен" кездеседі

Қазақстандық файердің келесі қарсыласы поп-ММА әлемінде "Веном" лақап атымен танылған ресейлік Магомед Зайналов болмақ. Екі жауынгер арасындағы кездесу 12 желтоқсанда "Алматы Арена" спорт кешенінде ұйымдастырылатын IBA Nomad турнирінде өтеді.

Жекпе-жек жартылай орта салмақ дәрежесінде жоспарланған. Ал Зайналов үшін бұл IBA Nomad ұйымындағы алғашқы кездесу болмақ. Лига өкілдері алдағы айқасқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.

"Еркебұлан Тоқтар жаңа сын-қатерлерге дайын! Бұл жолы оның қарсыласы IBA Nomad ұйымында алғаш рет өнер көрсететін Магомед "Веном" Зайналов болады. Ол жанкүйерлердің сүйікті спортшыларының бірімен кездеседі. Бұл айқаста тартыс та, эмоция да, нағыз шоу да болады. Екі жауынгер көрермендерге ұмытылмас әрі әсерлі жекпе-жек сыйлауға дайын", – делінген ұйым хабарламасында.

Тоқтарға қоқан-лоқы жасаған

Айта кетейік, қос файтер арасындағы текетірес бұған дейін басталған.

Ресейлік Магомед Зайналов әлеуметтік желі арқылы Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырып, қазақстандық жанкүйерлердің көзінше оны "талқандайтынын" мәлімдеген. Өз кезегінде Тоқтар қарсыласының өткір мәлімдемесіне әзілмен жауап беріп, айқас өткізу туралы ұсынысын қабыл алған.

Қазақстандық актер әрі жауынгер соңғы рет 28 тамызда Астанада IBA және Nomad Fighting бірлескен турнирінде өнер көрсетті. Ол кәсіпқой бокс ережесі бойынша ұйымдастырылған кездесуде өзбекстандық блогер әрі файтер Бобиржон "Принц" Исроиловпен жұдырықтасты.

Жекпе-жек барысында Еркебұлан Тоқтар басымдық танытып, қарсыласын төрт мәрте нокдаунға түсірді. Нәтижесінде екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

"Веном" соңғы кездесуінде жеңіліп қалған

Ал Магомед Зайналов 24 қазанда Ресейдің Иркутск қаласында ұйымдастырылған "Сібір легионы. Жаңа кумитэ" турниріне қатысты.

Ресейлік жауынгер чемпиондық атақ сарапқа салынған кездесуде жергілікті файтер Руслан Гусейновпен күш сынасып, жеңіліске ұшырады.

Бұл туралы не ойлайсыз?