Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Үш жыл күттім": Мейірім Нұрсұлтановтың батыл мәлімдемесі

Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеспен (25-1-1, 18 КО) жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді.

"Үш жыл күттім": Мейірім Нұрсұлтановтың батыл мәлімдемесі
instagram.com/meiirim.nursultanov/

Карлос Адаместі үш жыл күткен

Қазақстандық боксшы америкалық журналист Эли Секбахқа берген сұхбатында әлем чемпионымен кездесу өткізу мәселесіне тоқталды. Нұрсұлтановтың айтуынша, ол Карлос Адамеспен шаршы алаңға шығу мүмкіндігін үш жылға жуық уақыттан бері күтіп жүр.

"Мен бұл жігітті үш жылға жуық күттім. Жекпе-жекке толық дайынмын. Енді көп сөзді қойып, кездесуді ұйымдастыру керек", – деді қазақстандық боксшы.

Журналист Нұрсұлтановтан Адамеспен бұрын спарринг өткізген-өткізбегенін де сұрады. Мейірім мұндай тәжірибесі болмағанын жеткізді. Дегенмен екі боксшы да белгілі бапкер Роберт Гарсияның залында жаттыққан. Бірақ олар әртүрлі уақытта дайындықтан өткен.

Нұрсұлтанов әлем чемпионына үндеу жасады

Сұхбат барысында журналист Карлос Адаместің физикалық тұрғыдан ірі боксшы екенін атап өтті. Бірақ қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласының дене бітімі өзін алаңдатпайтынын айтты.

"Бұл мені мүлде алаңдатпайды. Мен бәріне дайынмын", – деді Нұрсұлтанов.

Сонымен қатар ол чемпиондық жекпе-жектің қашан өтуі мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді.

"Кездесу наурыз айында өтеді деп үміттенемін", – деді боксшы.

Ал журналист "Карлос Адамес дәл қазір алдыңда тұрса, оған не айтар едің?" деп сұрағанда, Нұрсұлтанов қысқа ғана жауап қайтарды:

"Кеттік! Жекпе-жекке шығайық!"

Үш жылдан бері рингке шықпаған 

Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокстағы соңғы кездесуін 2023 жылғы 17 қарашада Ташкентте өткізген. Ол кезде чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.

Содан бері Нұрсұлтанов ресми жекпе-жек өткізген жоқ. Соған қарамастан орта салмақта WBC ұйымының әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесін сақтап отыр.

2026 жылдың қыркүйегінде қазақстандық боксшы уақытша чемпиондық белбеу үшін америкалық Хесус Рамос-кішімен кездесуі керек болған. Дегенмен қарсыласының сырқаттануына байланысты жекпе-жек өтпей қалды.

Карлос Адамес Нұрсұлтановпен жұдырықтаса ма?

WBC ұйымы Карлос Адамеске қараша айында чемпиондық атақ сарапқа салынбайтын аралық жекпе-жек өткізуге рұқсат берген.

Ұйымның белгіленген шарттарына сәйкес, Адамес бұл кездесуден кейін Мейірім Нұрсұлтановпен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуы тиіс. Ал жеңіліп қалған жағдайда чемпиондық атағын босатуға міндеттелуі мүмкін.

Қазақстандық боксшы қарсыласын қанша уақыт күтуге тура келсе де, чемпиондық мүмкіндікке қол жеткізуден үміт үзбейтінін жеткізді.

"Ештеңе етпейді. Әр нәрсенің өз уақыты бар", – деді Мейірім Нұрсұлтанов.

Осылайша қазақстандық боксшының үш жылға созылған үзілістен кейінгі алғашқы кездесуі бірден әлем чемпиондық атағы үшін өтуі ықтимал. Бірақ жекпе-жектің нақты күні мен өтетін орны әзірге ресми бекітілген жоқ.

Бұл туралы не ойлайсыз?