Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Сумошы Ерсін Балтағұл үшінші рет "Жауынгерлік рухы үшін" жүлдесін алды

Ерсін Балтағұл Жапонияның Фукуока қаласында өткен Кюсю басё–2026 турнирінде 11 жеңіске жетіп, үшінші орынды бөлісті. 

Сумошы Ерсін Балтағұл үшінші рет "Жауынгерлік рухы үшін" жүлдесін алды
prosports.kz

Император кубогына таласты

Кәсіпқой сумоның жоғары дивизионындағы Қазақстанның жалғыз өкілі қарашадағы жарысты Батыстың жетінші маэгасирасы дәрежесінде бастады.

28 жастағы Балтағұл алғашқы күндерден-ақ сәтті күресіп, турнирдің басты жүлдесі — Император кубогына үміткерлер қатарында болды. Он екінші жарыс күнінен кейін оның қоржынында он жеңіс пен екі жеңіліс бар еді. Қазақстандық соңғы тоғыз турнирде алғаш рет он жеңіске жетті.

Бірақ 14-күні Кимбодзан йокодзуна Оносатодан ұтылды. Кейін жапониялық балуан жарысты 13 жеңіс, екі жеңіліспен аяқтап, бас жүлдені иеленді.

Арнайы марапаттың тағдыры соңғы белдесуде шешілді

22 қарашадағы қорытынды белдесу алдында Балтағұлға нақты міндет қойылды: "Канто-сё" жүлдесін алу үшін соңғы қарсыласын міндетті түрде жеңу керек болды.

Оның қарсыласы бұрын одзэки дәрежесіне көтерілген тәжірибелі жапон балуаны Асанояма еді. Екеуі де шешуші кездесуге он жеңіс, төрт жеңіліспен шықты.

Кимбодзан бұл сыннан сүрінбей өтіп, турнирді 11–4 нәтижесімен тәмамдады. Соның арқасында жалпы есепте үшінші орынды бөлісіп, арнайы марапатқа қойылған талапты орындады.

Жүлдемен бірге екі миллион иен беріледі

Жапония сумо қауымдастығының ресми хаттамасына сәйкес, қарашадағы турнирде Макуути жоғары дивизионының екі балуаны ғана "Жауынгерлік рухы үшін" марапатына лайық деп танылды. Олар қазақстандық Кимбодзан және 42 жастағы моңғолиялық Тамаваси.

Жүлде иегерлеріне естелік кубокпен қатар екі миллион иен, яғни шамамен 5,7 миллион теңге сыйақы қарастырылған.

Ерсін Балтағұл бұл жүлдені бұған дейін қашан алған?

Бұл — қазақстандық балуанның мансабындағы үшінші "Канто-сё" марапаты.

Ол алғаш рет 2023 жылдың наурызында, элиталық дивизиондағы дебюттік турнирінде осы жүлдені жеңіп алды. Екінші рет 2025 жылдың қаңтарында Токиода марапатталды. Сол жарыста Кимбодзан Император кубогы үшін қосымша финалға дейін жеткен еді.

Фукуокадағы нәтижесі Балтағұлдың жаңартылған бандзукэ рейтингінде жоғарылауына негіз болмақ. Қазақстандық жаңа маусымды қаңтар айында Токиода өтетін турнирден бастайды.

Бұған дейін Ерсін Балтағұл Қазақстанда сумо мектебін ашқысы келетінін айтқан.

Бұл туралы не ойлайсыз?