Қазақстандық боксшы IBF Asia Oceania титулы үшін салмақ өлшеуден өтті
Нұртас Әжбенов Уфа қаласында жартылай орта салмақтағы IBF Asia Oceania белбеуі үшін жұдырықтасады.
Жекпе-жек қашан және қайда өтеді?
Ол жеңіліп көрмеген ресейлік Вадим Мусаевпен кездеседі. Екі боксшы да салмақ өлшеуден сәтті өтті. IBA.PRO 22 бокс кеші 27 қарашада Уфадағы Күрес сарайында өтеді. Турнир Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.
Әжбенов кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, 15 жеңіске жеткен. Ал Мусаев 15 кездесудің бәрінде жеңген.
Абылайхан Құсайынов та Уфада жұдырықтасады
Осы кеште тағы бір қазақстандық боксшы Абылайхан Құсайынов (13–2) рингке шығады. Оның қарсыласы – кәсіпқой бокстағы 10 жекпе-жегінде де жеңіске жеткен ресейлік Михаил Григорян.
Турнирдің басты жекпе-жегінде ресейлік Артур Субханкулов (12–0) пен кубалық Энди Крус (7–1) бос тұрған IBF титулын сарапқа салады.
Қазақстандық боксшылар туралы не белгілі?
Нұртас Әжбенов 32 жаста. Әуесқой бокста Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған ол 2018 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетеді. Әжбенов туған қаласы Қандыағашта және Ақтөбеде бокс залдарын ашқан. Екі залда барлығы 180 бала жаттығады. 2025 жылы ол әлем чемпионы Шакур Стивенсонның жекпе-жектерге дайындалуына көмектескен.
Абылайхан Құсайынов 35 жаста, Алматыда туған. Ол Канадада Батыр Жүкембаевпен бірге жаттыққан және Eye of the Tiger промоутерлік компаниясымен жұмыс істеген. 2024 жылғы желтоқсанда бос тұрған WBO Inter-Continental белбеуі үшін қытайлық Ян Юнцяньмен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңілген.