АҚШ-та өткен бокс кешінде америкалық Кишон Дэвис украиналық Денис Беринчикті ойсырата жеңіп, WBO нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атанды.
Бұл кештің андеркардында әйгілі Мұхамед Әлидің немересі Нико Әли Уолш кәсіби рингтегі 12-жекпе-жегін өткізді. Бірінші орта салмақта өнер көрсететін Уолш бокстағы шыңды бағындыруға талпынғанымен әзірге оған қиындықтар кездесіп жатыр.
Осы жолы оған америкалық Хуан Карлос Гуерра (5 жеңіс, 1 жеңіліс, 1 тең ойын) қарсылас болды. Ал Никоның кәсіби рекорды – 10 жеңіс, 1 жеңіліске тең.
Алты раунд қорытындысы бойынша бір төреші Мұхамед Әлидің немересі Нико Әли Уолштың пайдасына 58-56 есебін берді. Бірақ қалған екі төреші дәл осы есепті Хуан Карлос Гуерраның пайдасына жазды. Осылайша, Уолш кәсіби мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады.
Бұл нәтиже үлкен сенсация саналады. Себебі жекпе-жек алдында Нико айқын фаворит ретінде қарастырылған.